Сонау зұлмат замандарда тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне өзге ұлт өкілдері қоныс аударғаны тарихтан белгілі. Кеңпейіл қазақ халқы оларды жатсынбай қабылдап, бір үйдің баласындай бауырына басты. Бүгінде Қазақстан — бейбітшіліктің, бірліктің және достықтың жарқын үлгісіне айналған ел.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылы — татулық пен келісімнің шағын моделі. Бұл ауылда түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осындай ынтымақты өмірдің ұйытқысы болып жүрген азаматтардың бірі — Шаш Төбе мектебінің директоры, Өзбек этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Ұлықбек Байметов.
«Отанымыздың жарқын болашағы тек бірліктің арқасында мүмкін. Біз — көпұлтты елміз. Бұл — біздің байлығымыз. Қазақ елі барлық этносқа кең құшағын ашты, бүгінде біз біртұтас елге айналдық», — дейді Ұлықбек Шерикбайұлы.
Мектеп директоры басшылық етіп отырған білім ордасында қазақ және өзбек ұлттарының 456 оқушысы білім алуда. 74 педагог, 31 кіші қызметкер бір мақсатта қызмет етуде — сапалы білім мен берік тәрбие беру. Бұл мектеп тек оқу орны ғана емес, ұлттар достығын насихаттайтын тәрбие орталығы.
Ұлықбек Байметов — Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызын терең түсінетін жан. Ол бұл ұйымды ел ішіндегі тұрақтылық пен келісімнің алтын діңгегі деп біледі.
«Ассамблея — әрбір этносқа өз мәдениетін, тілін дамытуға мүмкіндік берген бірегей құрылым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты да — татулық пен бірлікке негізделген. Бұл бағытта біз, ауыл белсенділері, үлкен жауапкершілікпен еңбек етудеміз», — дейді ол.
Ұлықбек Шерикбайұлы басқаратын мектеп те бұл бастамадан қалыс қалмаған. Мұнда тек білім беру емес, қайырымдылық пен қоғамдық белсенділік те қатар жүреді. Оқушылар өз қолымен жасаған бұйымдарын жәрмеңкеде сатып, одан түскен қаржыға аз қамтылған отбасыларға азық-түлік алып береді. Сонымен қатар, жалғызбасты қарияларға көмектесу, үй шаруасына жәрдемдесу сияқты жұмыстар да жүйелі жүргізілуде.
Қазақстанда бүгінде 100-ден астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында бейбіт ғұмыр кешіп жатыр. Кентау қаласының өзінде 27 мыңнан астам өзбек ұлтының өкілі тұрады. Олардың басым бөлігі — Атабай ауылында. Осы халықтың ауызбіршілігін сақтау, мемлекеттік идеологияны қолдау, қоғамға қызмет ету — Ұлықбек Байметов секілді азаматтардың арқасы.
«Біздің елде ұлтаралық араздыққа ешқашан жол жоқ. Конституциямызда бұл анық жазылған. Қоғамдық келісім мен ұлттар достығы – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі», — дейді Ұлықбек Байметов.
Татулық — тірлік кепілі. Бұл қағиданы өмірімен дәлелдеп жүрген Ұлықбек Шерикбайұлы сынды азаматтар – елге үлгі. Көпұлтты қоғамда бірлік пен келісімнің қадірін ұғынған ұрпақ – ел ертеңінің жарқын кепілі. Ал мұндай тәрбиенің негізі мектеп пен ұстаздан басталады.



