Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында санитарлық тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. «Таза қала – ортақ міндет» ұранымен өткен бұл сенбілік ауқымды флешмобтан бастау алып, қаланың көркеюі мен тазалығына бағытталған нақты іс-шаралармен жалғасты.
Игі іске қала әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттер белсене қатысты. Жалпы саны 1000-ға жуық қызметкер сенбілікке жұмылдырылды.
Қатысушылар Гауһар ана мен Бала би кесенелерінің айналасында, Б.Майлин, А.Жангелдин, О.Жандосов көшелерінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Сенбілікке 6 арнайы техника тартылып, шөптер шабылды, аяқжолдар сыпырылып, тұрмыстық қалдықтар жиналды. Нәтижесінде 7 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, белгіленген аумақтар толықтай тазартылды.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында қоғамдық көлік аялдамалары мен олардың айналасындағы аумақтарда да тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде қала аумағындағы барлық аялдамалардың павильондары мен орындықтарын жуу, айналар мен басқа да элементтерді тазалау, сондай-ақ бұзылған немесе тозған жерлерді қалпына келтіру шаралары атқарылды.
Қазіргі таңда Түркістанда жалпы 683 аялдама нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында қосымша 100 аялдама орнату жоспарланған. Оның ішінде 78 аялдама пайдалануға берілген. Қоғамдық көлік аялдамаларының тазалығын қамтамасыз ету және қала инфрақұрылымын жақсарту мақсатындағы бұл жұмыстар Түркістан қаласы әкімдігінің күнделікті бақылауында.



