Төлеби ауданы – Түркістан облысының оңтүстік өңірінде орналасқан, табиғи газбен толық қамтылған бірден-бір аудан. Бұл жетістік ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіші болып табылады.
Аудандағы газ құбырларының жалпы ұзындығы – 1 151 шақырымды құрайды. Оның ішінде жоғары қысымды құбырлар – 127 шақырым, орташа қысымды құбырлар – 790 шақырым, төмен қысымды құбырлар – 234 шақырым. Бұл желілер арқылы 122 214 тұрғын мен 22 345 абонент табиғи газбен қамтамасыз етілген. Газды реттейтін құрылғылардың саны – 16 917 дана.
Табиғи газ ауданға автоматтандырылған газ тарату стансаларынан (АГТС) жеткізіледі. Мәселен, «Зертас» – 24 елдімекенге, Шымкент қаласындағы № 4 АГТС – 26 елдімекенге, «Самсоновка» – 2 елдімекенге, «Күйік» – 3 елдімекенге. Бұл стансалар газдың тұрақты әрі қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Төлеби ауданындағы барлық елді мекендердің газбен толық қамтылуы – тұрғындардың өмір сапасының артуына, экологиялық жағдайдың жақсаруына және экономикалық белсенділіктің өсуіне ықпал етуде. Газдың қолжетімділігі ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерліктің дамуына да оң әсерін тигізуде.
Төлеби ауданының табиғи газбен толық қамтылуы – аудан әкімдігі мен жергілікті билік органдарының тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарының нәтижесі. Бұл жетістік ауданның дамуына жаңа серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жоғары деңгейге көтеруде.
Айта кетейік, Түркістан облысында елді мекендерді газбен қамту, экологиялық ахуалды жақсарту және өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл – өңір басшысының тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Соның бірі ретінде Төлеби ауданында жүзеге асып жатқан табиғи газбен қамту жобаларын атап өтуге болады.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде жыл соңына дейін тағы 11 елді мекен табиғи газға қосылатын болады. Ал жалпы алғанда, 2027 жылға дейін Түркістан облысындағы елді мекендерді 100 пайыз газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл – өңірдің экологиялық тұрақтылығын арттырумен қатар, ауыл халқының тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.



