Ленгер – Түркістан облысындағы тарихы терең, табиғаты көркем, халқы еңбекқор қала. Бүгінде бұл қалада 31 521 тұрғын өмір сүруде. Қала халқының күнделікті тұрмыстық жағдайын жақсартуда ең маңызды мәселелердің бірі – ауыз су сапасы мен қолжетімділігі. Осы бағытта соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Бүгінде қала 162 шақырымдық су құбырымен қамтылған. Тұрғындар үш негізгі су көзінен тәулігіне 20,5 мың текше метр көлемінде ауыз су тұтынады. Бұл – тіршіліктің күретамыры іспеттес ауыз суды үздіксіз әрі сапалы жеткізу бағытында атқарылып жатқан қыруар еңбектің нәтижесі.
Қала бойынша 7 392 абонент тіркелген болса, олардың 2 320-сы «Көктерек» су тазарту имараты арқылы келетін суды тұтынады. 2022-2024 жылдары аралығында пайдалануға берілген бұл нысанның құрылысына 643,3 млн теңге жұмсалып, қазіргі таңда қаладағы №1 аймақтағы су қоймаларына сағатына 230-240 м³ таза су беріліп отыр. Бұл өз кезегінде аймақ халқының бір бөлігінің қажеттілігін қамтамасыз етсе де, жалпы сұранысты толық өтеуге жеткіліксіз.
Қалған 5 072 абонент ауыз суды негізінен «Достық» ұңғымасы мен «Қарабастау» бұлағынан тұтынады. Ауыз су көлемін арттыру мақсатында «Достық» елді мекенінен қосымша бір ұңғыма қазылып, №1 аймақтағы су қоймаларына су берілді. Бұл – тұрғындарға тұрақты түрде су жеткізуге мүмкіндік ашып отыр. Алайда, қала халқының саны мен сұранысының жыл сайын артып келе жатқанын ескерсек, бұл уақытша шешім ғана. Сол себепті салалық басқармаға келешекте суды табиғи әрі сапалы бұлақтан жеткізу мақсатында жаңа ұсыныс жасалды.
Қаланың ұзақ мерзімді даму жоспарына сәйкес, су тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан келетін «Ақмешіт» бұлағынан су құбырын тарту ұсынылды. Облыстық тиісті басқарма тарапынан бұл бастама қолдау тауып, қазірдің өзінде бұлақ суының қорын нақтылау мақсатында геологиялық іздеу-барлау жұмыстарына арналған жобалау-сметалық құжаттама дайындауға конкурс жариялануда.
Тек қаламен шектелмей, аудан көлемінде де ауыз су сапасын арттыру бағытында елеулі істер атқарылуда. 2023-2024 жылдары аралығында Жаңакүш, Ұзынарық, Алшалы ауылдарындағы ескірген 40,2 шақырымдық ауыз су желілері жаңартылып, нәтижесінде 334 абонент немесе 2 421 адам сапалы ауыз сумен қамтылды. 2024 жылы басталған Диханкөл елді мекенінің 30,9 шақырымдық су құбыры құрылысы (жалпы құны – 641,9 млн теңге) 2025 жылдың шілдесінде аяқталып, 303 абонент немесе 1 950 тұрғын таза сумен қамтамасыз етілмек.
Ауыз сумен қатар, санитарлық тазалық та халықтың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер етеді. Бүгінде аудан аумағында бұл бағытта 4 мекеме тұрақты түрде жұмыс атқарып келеді («Леңгер тазалық» КМК, «Жарық жол» МКК, «Ленгер су» МКК, «Саябақтар» КМК). Ал тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 8 кәсіпорын айналысады. Бұл – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға қосқан үлестері зор екенін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, Ленгер қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерде тіршілік нәрін халыққа сапалы әрі жеткілікті көлемде ұсыну үшін кешенді жоспарлар мен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Көктерек» су тазарту нысанының іске қосылуы, жаңа ұңғымалар қазылуы, шалғай ауылдарға құбыр тартылуы – мұның бәрі халықтың әл-ауқатын арттыру жолында жасалған нақты қадамдар. Бүгінгі бастамалар – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі. Тіршілік нәрі – таза ауыз судың әрбір үйге үздіксіз жетуі – жергілікті билік пен халықтың ортақ мүддесі. Осы мақсаттағы жұмыстар жүйелі жалғаса бермек.



