Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Кентау қаласындағы «Жұлдыз» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізуге алғашқы 100 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева хабарлады.
Аталған мәселе бұған дейін мәслихаттың бірлескен комиссия отырысында көтерілген болатын. Сол отырыста Қалыйма Жантөреева балабақшаны толық жөндеуден өткізу үшін жалпы 476 миллион теңге қажет екенін мәлімдеген. Қазіргі таңда 280 бала тәрбиеленіп жатқан «Жұлдыз» балабақшасы – мемлекеттік меншіктегі мекеме. Халықтың ұсынысымен бұл нысан сенімгерлік басқаруға берілмей, мемлекет иелігінде қалдырылды.
– 2025 жылғы 25 маусымда өткен облыстық мәслихат сессиясында қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл – елдің сұранысына берілген нақты жауап. Қазір күрделі жөндеу жұмыстары басталғанша, балабақша тәрбиеленушілері уақытша жалға алынған екі ғимаратта орналасып отыр, – деді Қалыйма Жантөреева.
Депутаттың айтуынша, балабақша мәселесінің шешілуі – халық аманатын орындаудың жарқын көрінісі. «Ел сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік. Бұл жүктің бір шеті өзімнен түскендей жеңілдік сезіндім», – деп бөлісті ол.
Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Алдағы уақытта қосымша қаржы қарастырылып, балабақша толық жаңғыртылады деп күтілуде.



