Кентау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында діни экстремизм мен теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ және Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің «Руханият орталығы» КММ бірлесіп өткізді.
Кездесуге аталған орталықтардың мамандары — «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы Асхат Дүйсен мен «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ инспекторы Бейсен Самбетов арнайы шақырылып, басқарма қызметкерлерімен ашық сұхбат форматында әңгіме өрбітті.
Шара барысында дін атын жамылған түрлі теріс пиғылды ағымдардың қоғамда алауыздық туғызып, ұлттық тұтастық пен мемлекеттілігімізге қауіп төндіретін басты факторлардың бірі екендігі айтылды. Сонымен қатар радикалды идеологияның таралу жолдары, әлеуметтік желілердегі діни манипуляция тәсілдері және азаматтардың діни ақпаратты тек ресми көздерден алу қажеттігі кеңінен түсіндірілді.
Мамандар қазіргі таңда елімізде дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеу, халықтың діни сауаттылығын арттыру және діни экстремизмге қарсы идеологиялық иммунитет қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл ретте мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің де діни тұрғыдан ақпараттандырылуы мен рухани тұрақтылығы аса маңызды.
Кездесу соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары бойынша арнайы дайындалған жадынамалар таратылды.
Мұндай түсіндіру шаралары қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бағытында маңызды қадам болып табылады.



