Бүгінгі қоғамда ақпараттың ашық әрі жылдам таралатын кезеңінде діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу — мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Осы ретте елімізде дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, азаматтардың діни сауаттылығын арттыру және жат идеологияларға қарсы тұру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.
Аталған бағытта Түркістан облысы Кентау қаласында бірқатар нақты іс-шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, шілде айының үшінші онкүндігінде қаладағы үш ірі мемлекеттік мекемеде – Кентау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және экономика және қаржы бөлімінде діни экстремизм мен радикалды ағымдардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізілді.
Игі бастаманы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің «Руханият орталығы» бірлесіп жүзеге асырды. Аталған кездесулерге орталық мамандары — «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» бөлім басшысы Асхат Дүйсен және «Кентау қалалық Руханият орталығы» инспекторы Бейсен Самбетов арнайы қатысып, мекеме қызметкерлерімен ашық пікір алмасу форматында ой бөлісті.
Кездесу барысында мамандар қатысушыларға дін атын жамылған деструктивті діни ағымдардың қоғамға тигізер зияны жөнінде кеңінен түсініктеме берді. Олар аталған топтардың әрекеті адамдардың санасын улап, рухани бөлшектенуге, ұлттық тұтастық пен мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекеттерге итермелейтінін атап өтті.
Теріс ағымдар түрлі әлеуметтік желілер мен интернет ресурстар арқылы адамдардың санасына әсер етуге тырысады. Олар діни сауаты төмен азаматтарды оңай иландырып, өз қатарларына тартады. Сондықтан мұндай идеологиялармен күресте ақпараттық сауаттылық пен діни білімнің маңызы зор.
Соңғы жылдары радикалды идеяларды насихаттайтын парақшалар мен арналардың көбейгені байқалады. Бұл әсіресе жастар қауымына қауіп төндіреді. Сол себепті жастарға бағытталған ақпараттық ағартушылық жұмысты күшейту қажет.
Кездесуге қатысқан мемлекеттік мекемелер қызметкерлері жат ағымдардың белгілерін ерте анықтау, радикалданудың алдын алу және дәстүрлі діни бағытты насихаттау жолдары туралы нақты мәлімет алды. Сонымен қатар заңнамалық тұрғыда қандай жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде де түсінік берілді.
Мемлекеттік қызметкер — қоғамға үлгі болатын тұлға. Сондықтан олардың діни сауатты, парасатты әрі ұлттық құндылықтарға берік болғаны аса маңызды. Қызметкерлердің діни тұрақтылығы – жалпы қоғам тұрақтылығының кепілі.
Кездесуде қатысушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, мамандардан тұшымды жауап алды. Сонымен қатар қатысушыларға діни экстремизмнің алдын алу, деструктивті ағымдардан сақтану және дәстүрлі ислам құндылықтары жайлы арнайы әзірленген ақпараттық жадынамалар мен әдістемелік материалдар таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кездесулер бір реттік шарамен шектелмейді. Алдағы уақытта түсіндіру жұмыстары қаладағы өзге де мекемелерде, білім беру ұйымдарында жалғасын таппақ.
Кентауда өткен ақпараттық кездесулер соның айқын дәлелі. Қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолында жүйелі түрде атқарылып жатқан мұндай шаралар халықтың діни сауаттылығын арттыруға, рухани иммунитетін күшейтуге және ел ішіндегі татулықты нығайтуға өз үлесін қосатыны анық.



