Келес ауданында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында жаңа инвестициялық жобалар қолға алынуда. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев «Асвс ойл» ЖШС өкілдерін қабылдап, жаңадан іске қосылатын жібек құртын өсіру және өңдеу жобасының барысын талқылады.
Жоба аясында Ошақты ауылдық округі, Сарыжылға елді мекенінде жалпы құны 1 млрд 780 млн теңгені құрайтын жібек құртын өсіру кәсіпорны салынатын болады. Кәсіпорын 60 гектар жерге тұт ағашының көшеттерін отырғызып, 15 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету көзделген.
Қазіргі уақытта жер учаскесі заңды негізде бөлініп, инфрақұрылым жұмыстары басталып кеткен. Бұл жұмыстар аясында жер асты су ұңғымасы қазылып, су шығару мәселесі сәтті аяқталған. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасымен тұт ағашының көшеттерін жеткізу бойынша келісім-шарт жасалды.
Ағымдағы жылы жоба тиімділігін бағалау мақсатында Біртілек ауылдық округі аумағында 0,5 гектар жерге сынамалық тұт көшеттері отырғызылған. Қазір бұл көшеттер жергілікті климатқа бейімделіп, алғашқы өнімін беруде.
Жобаның келесі кезеңінде инвесторлар тұт жапырағынан шай өндіру бағытын дамыту жоспарында. Бұл мақсатта Қытайдан арнайы шай өндіруге арналған заманауи қондырғыларды жеткізу жоспарланып отыр.



