Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шара барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар тас жолдардың бойы мен ішкі көшелерде кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке 13 ауылдық округ пен қала, мекемелер мен бөлімдер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері, аудан жастары мен еріктілер белсене атсалысты. Айта кету керек, бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына қол алынған. Президент бұл туралы мәлімдемесінде:
– «Таза Қазақстан» – бұл тек экологиялық акция емес. Бұл – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдарлама. Бұл бастама еліміздің барлық өңірінде жүзеге асуы тиіс. Халықтың экологиялық сауатын арттырып, санитарлық тазалықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деген болатын.
Сенбілік барысында көшелер мен жол бойларындағы бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, қураған ағаш бұтақтары кесіліп, шөптер орылды. Бұл жұмыстар аудандағы экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындарға үлгі көрсетуге бағытталды. Аудан әкімінің айтуынша, тазалыққа бағытталған мұндай іс-шаралар бір реттік акциялармен шектелмей, жыл бойы жалғасын табатын болады. Бұл бастама Сарыағаш ауданын ғана емес, тұтас елімізді тазалыққа, тәртіпке және жауапкершілікке баулитын үлкен қозғалыстың бір бөлшегі болып отыр.
Айта кетейік, өңірімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары үздіксіз атқарылып келеді. Облыс әкімі бекіткен жол картасы аясында 88 іс-шара жоспарланып, оның 38-і тұрақты түрде іске асырылуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, өңірде апталық сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 13 757 хаттама толтырылған. Жалпы 328,4 млн. теңгеге айыппұл салынып,181,2 млн. теңге өндірілді. Облыстағы демалыс аумақтарына рейдтік шаралар жүргізіліп, нәтижесінде 184 заңсыз күл-қоқыс орны анықталды. Заңсыздықтар, әсіресе, Түркістан және Кентау қалалары мен Түлкібас, Шардара, Сауран аудандарында көбірек тіркелген. Жол картасында бекітілген іс-шаралардың сапалы орындалуы бақылауда болады.



