Түркістан облысының су шаруашылығына арналған жаңа техникалар саны артты. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың қатысуымен «Қазсушар» РМК Түркістан облысындағы филиалына 133 жаңа техника табысталды. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев және өңір шаруалары қатысты.
Бұл техника министрліктің бастамасымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы алынған. Жаңартылған техникалық парк суармалы кезеңде каналдарды механикалық тазарту және су шаруашылығына қатысты басқа да жұмыстарды тиімді орындауға мүмкіндік береді. Бұған дейін 69 жаңа техника қолданысқа берілген болатын.
Жаңа техникалар су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ су ресурстарын үнемді пайдалануға көмектеседі. «Қазсушар» жүйесінің техникалық жаңғыртылуы өңірдегі диқандар мен шаруалардың қажеттіліктерін уақтылы қанағаттандыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалы суармалы жерлерді сапалы сумен қамтамасыз ететін және гидротехникалық нысандарды пайдаланатын су шаруашылығы жүйесін басқарады. Филиал құрамында 13 өндірістік бөлімше жұмыс істейді. Олар жергілікті деңгейде 5497 шақырымды құрайтын 1858 канал, 1208 тік дренажды ұңғыма, 3086 шақырымды құрайтын 408 қашыртқы және тағы басқа су нысандарын пайдалану мен басқаруға жауапты.
Жыл басынан бері мекеме 330 шақырым каналды механикалық әдіспен тазарту жұмыстарын жүргізді. Суармалы кезеңде бұл жұмыстардың маңызы өте зор, себебі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту – ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті әрі маңызды қадам.
Техникалық жаңғырту шаралары «Қазсушар» РМК жүйесінің қызмет сапасын арттырып, Қазақстанның аграрлық секторына қосымша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.



