Түркістан облысының инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров қаланың сарқынды су имаратының жағдайын тексеріп, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі уақытта Түркістан қаласының №2 кәріз тазалау блогында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Механикалық, биологиялық, химиялық және технологиялық тазалау жүйелерін қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, кәріз жүйесінің тиімділігі артып, қала тұрғындары сапалы қызметке қол жеткізеді. Жобаға 400,7 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары биыл қараша айында аяқталады деп күтілуде.
Облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беріп, қала әкімі мен жауапты тұлғаларға жұмысты уақытылы және жоғары деңгейде орындауды тапсырды. Түркістан қаласы соңғы жылдары инфрақұрылымдық жаңғырту бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.
Түркістан қаласында 2018 жылы кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 15 пайызды ғана құраған еді. Бірақ қазіргі таңда қала аумағында кәріз жүйелерін дамытуға бағытталған үлкен жобалар қолға алынған. Осы жобалар аясында сарқынды су құбырларының жалпы ұзындығы 401,6 шақырымды құрап, олармен 17 581 абонент қамтылған. Ал орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші бүгінде 36,5 пайызды құрайды.
Қазіргі таңда қалада жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын жаңа сарқынды су жүйелерін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындарды сапалы кәріз жүйесімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қала аумағында 5 сарқынды су тазарту имараты, 21 канализациялық сорғы станциясы мен 4 шығын реттегіш құдықтың құрылысы жоспарланған. Бұл нысандар іске қосылған соң кәріз жүйесінің қуаттылығы артатын болады.
Қала тұрғындарын толық кәріз жүйесіне қосу мақсатында қазір 13 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 7-уі 2025 жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Түркістан қаласы тұрғындарының инфрақұрылымдық қажеттіліктерін толық қанағаттандыру мақсатында инфрақұрылымдық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жобалар тек кәріз жүйесіне ғана қатысты емес, қаланың барлық инженерлік жүйелерін жаңғыртуға бағытталған.



