Түркістан облысында жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру мақсатында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жөнінде келіссөздер жүргізілді. Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекетінің маңында іске асырылуы жоспарланған бұл жобаның негізінде заманауи индустриалды аймақ қалыптастыру көзделген.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен қытайлық инвестор Чжоу Дань арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен қытайлық инвестор арнайы меморандумға қол қойды.
Жобаның негізгі мақсаты – аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және жоғары технологиялық өндіріс алаңдарын құру. Меморандум аясында Түркістан облысындағы «Түркістан» арнайы экономикалық аймағында индустриалды парк салу жоспарланып отыр. Бұл кластер ғылыми-зерттеу жұмыстарын, өндірісті, сату және қызмет көрсету салаларын біріктіру арқылы аймақ экономикасына тың серпін береді.
Жоба үш кезеңмен жүзеге асырылмақ, оның ішінде энергетикалық жабдықтар, энергия үнемдейтін жарықтандыру құрылғылары, құбырлар мен клапандар, тұрмыстық тауарлар сияқты өнімдер өндірілетін өндірістік база құрылады. Сонымен қатар, металлургия, тоқыма бұйымдарын өндіру және электрондық коммерция салаларына арналған логистикалық қоймаларды да салу жоспарлануда.
Жобаның мақсаты – Орталық Азиядағы жоғары технологиялы өндіріс пен халықаралық сауда орталығын қалыптастыру арқылы Түркістан облысының өнеркәсіптік дамуына үлес қосу және экономикалық өсімге ықпал ету.
Бұл жоба аймақтағы инвестициялық климатты жақсарту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.



