Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кезекті кездесуін өткізді. Бұл жолы шетелдік бизнесмендер Мақтаарал ауданы, «Атамекен» кеден бекеті маңында жоспарланған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасын жүзеге асыруға ниетті екендерін білдірді.
Кездесу барысында облыс әкімі жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту және инфрақұрылымдық қолдауды қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілетінін атап өтті.
– «Біз өндірісті дамытуға, жаңа зауыттар мен жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырмыз. Инвесторларға инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жобаны бірге жұмыс істеп, сүйемелдейміз», – деді Нұралхан Көшеров.
Шетелдік инвесторлар жоспарларында Мақтаарал ауданындағы өнеркәсіптік аймақта электр жабдықтарын, пластмасса өнімдерін, жылу құбырларын және басқа да өнімдерді шығаратын кәсіпорындар ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар, инвесторлар бизнес орталықтары мен жүк сақтау қоймаларын салу жоспарын да ұсынды.
Инвесторлармен аталған мәселелер бойынша келіссөздер жалғасуда, ал облыс әкімдігі тиісті жұмыстарды қолға алып, жобалардың іске асырылуына қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді.



