Өткен жылы Түлкібас ауданының Майтөбе ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүтті өңдеу саласында маңызды қадам жасап, жоғары сапалы өнімдер шығара бастаған болатын. Бастапқыда тәулігіне 1 тонна сүт өңдеп, түрлі сүт өнімдерін шығарған кооператив бүгінде өндіріс көлемін үш есеге арттырып, тәулігіне 3 тонна сүтті өңдеу қабілетіне жетті.
Аудандағы жаңадан қолға алынған жобаға арнайы барып, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев және басқа да жауапты мамандар өндірістік кооперативтің жұмысымен танысты.
«Майтөбе сүт» өндірістік кооперативінде айран, қаймақ, сары май, сүзбе, чечель, ірімшік, құрт өнімдері өндіріліп, жергілікті дүкендерге сатылымға шығып жатыр. Өнімдер халық арасында үлкен сұранысқа ие болып, тұтынушылардың көңілінен шыққан.
Қазіргі таңда кәсіпорында екі ауысыммен 18 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Өндірістік кооперативтің қайта жабдықтау жұмыстарына 80 млн. теңге жұмсалып, заманауи жабдықтар орнатылды. Бұл кооперативтің жұмысын тиімдірек жүргізіп, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Майтөбе сүт» өндірістік кооперативі аудан экономикасының дамуына үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп отыр.



