Арыс қаласына қарасты Көкжиде елді мекенінің тұрғындары үшін маңызды күндердің бірі болды. 1 мыңнан астам тұрғыны бар ауылға табиғи газ жеткізіліп, көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік туды. Салтанатты шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады.
Шара аясында салтанатты түрде алау жағылып, табиғи газға алғаш қосылған Талғат Райбековтің шаңырағына қала басшысы арнайы барып, жылы лебізін білдірді.
— Бұл — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекетіміздің қолдауы мен жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгін Көкжидеде көгілдір отын тұтанды. Бұл игілік барлық тұрғындарға қызмет етіп, тұрмыстарыңыздың жеңілдеуіне ықпал етсін, — деді қала әкімі өз сөзінде.
Қазіргі таңда Көкжиде ауылында 153 абонент ресми тіркелген. Яғни, мыңнан аса тұрғын табиғи газбен қамтылды. Бұған дейін мамыр айында Байырқұм ауылына газ жеткізілген болатын. Жыл соңына дейін Жиделі мен Аққала елді мекендеріне де газ тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Арыс қаласының орталығын толықтай газдандыру көзделуде.
Аталған жұмыстар өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асырылып келеді.



