Түлкібас ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында дәстүрлі жалпыаудандық сенбілік өткізілді. Бұл іс-шараға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев, депутаттар мен аудан әкімдігіне қарасты мекеме қызметкерлері белсене қатысты.
Сенбілікті ұйымдастырудың басты мақсаты – ауданның табиғи сұлулығын сақтап, экологиялық тазалықты қамтамасыз ету болды. Жаңа бастаманы қолдаған халық қалаулылары мен мекеме қызметкерлері Жабағылы ауылындағы демалыс аймақтарына баратын жолды тазалап, қоршаған ортаға деген жанашырлықтарын көрсетті. Олар аймақтың көркін сақтауға арналған экологиялық тәртіпке үн қосып, өз үлестерін қосты.
Аудан басшысы Асқар Естібаев экологиялық тазалық мәселесін көтеріп, табиғаты әсем, туристік әлеуеті зор өңірдің көркін сақтау — баршаның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол тұрғындарды осындай игі іс-шараларға белсене қатысуға шақырып, тазалықты сақтауда бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығын сөз етті.
Аталмыш сенбілік әр аптаның жұма күні жалғасын табатын болады. Бұл бастама – туған жерге деген жанашырлықтың және ортақ жауапкершіліктің көрінісі ретінде Түлкібас ауданында одан әрі дамып, тұрғындар мен жергілікті биліктің күш-жігерін біріктіре отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.



