Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек облыс тұрғындарымен кездесіп, тауарлық газ бағасын қалыптастыру мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында вице-министр Құдайберген Арымбек газ бағасының қалыптасу механизмі туралы халықты хабардар етті. Ол еліміздегі газдандыру процесінің қарқынды жүріп жатқанын, қазіргі таңда Қазақстан халқының 62%-ы көк отынмен қамтамасыз етілгенін айтты. Бірақ тауарлық газды тұтыну өндіру көлемінен едәуір асып кеткендіктен, бұл жағдай «QazaqGaz» ұлттық компаниясын газды өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр етеді.
— «Газ бағасының өзгеріп тұруына бірнеше маңызды факторлар себеп болады. Қазіргі уақытта газды сатып алу, тасымалдау және тарату шығындарын толықтай жаба алмайтын жағдайдамыз. Газ бағасын тиімді қалыптастыру газ инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде өңірлердің газдандыру процесін жылдамдатып, жеткізілімнің тұрақтылығын арттырады», — деді вице-министр.
Құдайберген Арымбек айта келе, газ бағасын қалыптастыру мәселесі саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін геологиялық барлау және көмірсутектерді қайта өңдеу салаларына инвестициялар тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу барысында жергілікті тұрғындар вице-министрге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды.



