Соңғы жылдары Түркістан қаласы еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Рухани астана мәртебесіне ие бұл шаһар тек тарихи-мәдени орталық ретінде ғана емес, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен де алдыңғы қатардан көрініп отыр. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Түркістан оң қарқын көрсетіп, барлық сала бойынша дамудың жаңа сатысына көтерілді.
Биылғы жылдың 1 маусымдағы ресми дерекке сәйкес, қала халқы 240 422 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артқан. Қаланың жалпы аумағы 22,4 мың гектарды құрайды. Бұл — Түркістанның халыққа қолайлы жағдай жасап, өмір сүруге тартымды орталыққа айналып келе жатқанын айғақтайды.
Бес айдың қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнім көлемі 159,5 млрд теңгеге жетіп, бұл әр тұрғынға шаққанда 663,5 мың теңгені құрады. Қаланың өндірістік әлеуеті де артып келеді: өнеркәсіп саласында 40 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, соның 25 млрд теңгесі өңдеу саласына тиесілі. Құрылыс көлемі 299,3 млрд теңгені құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй 434,6 мың шаршы метрге жетті. Сауда айналымы 157,9 млрд теңгені құраса, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 490 млрд теңгеге дейін артқан.
Түркістан қаласының инвестициялық тартымдылығы да жоғары деңгейде. Арнайы экономикалық аймақта қазіргі таңда 9 жоба жүзеге асып жатыр. Бұл жобалар аясында 2956 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал индустриалды аймақта іске қосылған 23 жоба бойынша 961 адам жұмыспен қамтылған. Жобаларға отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуы Түркістанның халықаралық іскерлік орталық ретінде де танылып келе жатқанын көрсетеді.
Туризм саласы Түркістан экономикасының басты драйверлерінің бірі болып отыр. Биылғы жылдың алғашқы бес айында қалаға 1,1 миллион турист келген. Оның ішінде 23,2 мың адам — шетелдік меймандар. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 61,9 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі таңда қалада 68 туристік орналастыру орны бар, олардың жалпы төсек-орын қоры – 3252. Сонымен қатар, туристік әлеуетті арттыру мақсатында «Қолөнершілер қалашығы», «Күлтөбе қалашығы», аквапаркі бар кешен секілді жаңа нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Кәсіпкерлік те қала экономикасында маңызды рөл атқарып отыр. Бүгінде Түркістанда 22 010 шағын және орта бизнес субъектісі белсенді жұмыс істеп, 34 500 адам жұмыспен қамтылған. Бұл сектор өңірлік жалпы өнімнің 72,2 пайызын құрап отыр. Мемлекеттік қолдау аясында 30 жобаға 4,2 млрд теңге бөлінген. Бұл кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру арқылы жаңа жұмыс орындарының құрылуына және табыс көздерінің артуына жол ашуда.
Білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Қалада 85 мектеп пен 150 балабақша жұмыс істейді. Оқушылар саны 55 мыңнан асып жығылған. Жаңа оқу жылы қарсаңында 12 мектеп пайдалануға беріліп, бірнеше білім ұяларында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Денсаулық сақтау бағытында да нақты жетістіктер бар. Қалада 18 медициналық мекеме тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен 27 мың адамға қызмет көрсететін емхана мен оңалту орталығының құрылысы басталған. Бұл медициналық инфрақұрылымды жаңғыртып, халыққа сапалы қызмет ұсынуға мүмкіндік береді.
Мәдениет пен спорт саласында да оң динамика байқалады. Жыл басынан бері 47 мәдени іс-шара өткізілсе, 264 спорт нысанында 21 ірі жарыс ұйымдастырылған. Қала тұрғындарының 42 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Бұл көрсеткіш салауатты өмір салтын ұстанатын қоғам қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Инфрақұрылым бағытында да маңызды жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері 47,1 шақырым жол жөнделіп, қазіргі таңда қала жолдарының 66,7 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Ауыз сумен қамту 100 пайызға жетсе, электрмен қамту – 99,5 пайыз, табиғи газ – 98 пайыз деңгейінде. Ал кәріз жүйесімен қамтылу деңгейі – 36,5 пайыз.
Жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында да нақты шаралар қолға алынған. 2025 жылдың басынан бері 11 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, оның ішінде 4678-і – тұрақты жұмыс орындары. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсету де күн тәртібінен түскен емес. 16 245 адамға 1,3 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілуі жоспарланып отыр. Жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға тұрғын үйлер беру жұмысы да жүйелі түрде жалғасып келеді.
Жалпы алғанда, Түркістан қаласы бүгінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамып келе жатқан орталыққа айналды. Өңірдің тарихи, мәдени маңызымен қатар, инвестициялық тартымдылығы, туристік әлеуеті және өмір сүруге қолайлы инфрақұрылымы Түркістанды еліміздің жаңа даму драйверлерінің біріне айналдырып отыр.



