Арыс қаласында табиғатты қорғаумен айналысатын екі маңызды мекемеге жаңа ғимараттар берілді. Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мекемесінің Сырдария филиалы енді өз ғимаратына ие болды. Ғимарат Қожатоғай ауыл округіндегі Есқара ата ауылында, Сырдария өзенінің маңында орналасқан.
Ғимаратқа қосымша, биіктігі 7 метрді құрайтын, заманауи жабдықтармен жабдықталған бақылау бекеті орнатылды. Бұл бекеттің байланыс аумағы 50 шақырымға дейін жетеді, ал бекет маңында 3 тікұшақ алаңы қарастырылған.
Сонымен қатар, «Қорған» жедел қызметіне арналған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, мекеме 5 патрульдік автокөлікпен қамтамасыз етілді. Бұл қызмет экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында маңызды рөл атқарады.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс сапарымен Арыс қаласында болып, жаңартылған нысандарды аралап, мекемелердің жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, Нұрбол Тұрашбеков Арыс қаласындағы көгалдандыру жұмыстарының жай-күйін тексерді. Дендросаябақ пен Арыс-Шардара айналма жолының бойына егілген ағаштардың жағдайы мен «Жасыл Арыс» тұқымбағының тыныс-тіршілігіне қанықты.
1 гектар жерді алып жатқан тұқымбақта қазіргі таңда 8 түрлі 100 мың көшет бапталуда. 2022 жылдан бастап 168 мыңнан астам көшет дайындалып, тұрғындарға немесе қала аумағына егілуде. Сонымен қатар, тұқымбақта толыққанды тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Мамандар тұқымбақты суару үшін қаланың кәріз суы станциясы арқылы тазаланған су қолданылып жатқанын хабарлады.



