Арыс қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен елді мекендерді көгалдандыру, тұқымбақтарды дамыту және зиянкестермен күрес мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізілді. Бұл іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, Табиғат қорғау полициясының қызметкерлері, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй-шаруашылық бөлімдерінің басшылары, көгалдандыру мекемелерінің өкілдері мен басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
Семинар-кеңесте көгалдандыру жұмыстарының қазіргі жағдайы мен елді мекендердегі ағаш өсіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, сасық кеурек және мия өсімдіктерін қазуды тоқтату, ағаш көшеттерінің өну деңгейін арттыру, зиянкестермен күресу үшін биылғы химиялық өңдеу жұмыстарының қорытындысы, сондай-ақ 2026 жылға дейін таралу аумақтарын нақтылау мәселелері қаралды.
Жиын барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, көгалдандыру мен табиғатты қорғау мәселелерін тиімді шешу жолдарын талқылады. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков басқарма басшыларына семинар-кеңесте көтерілген мәселелерді заң аясында зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
– Табиғатты қорғау мәселесі қазіргі уақытта өте өзекті. Табиғатты пайдаланудың әрбір ережесі мен талабы сақталуы тиіс. Бұл бағытта құзырлы мекемелермен бірлесіп, жұмыстарды жүйелі түрде атқару қажет, – деп атап өтті Нұрбол Тұрашбеков.
Кеңес барысында нақты шаралар мен тиімді шешімдер ұсынылып, болашақта көгалдандыру жұмыстарын одан әрі жандандыру мен табиғат қорғау іс-шараларын күшейту мақсатында бірқатар ұсыныстар қабылданды.



