Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары аясында жаңа өндірістік аймақтардың құрылысымен танысқан болатын. Бұл аймақтар кәсіпкерлікті дамытуға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік туғызып отыр.
2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында бес бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру жоспарланған. Қазіргі таңда 60 кәсіпкермен меморандум түзілді, оның ішінде 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастаманың тек кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейтінін, сондай-ақ өңір халқы үшін тұрақты табыс көзі болатынын атап өтті.
– «Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуын жеңілдетеміз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына салынған инвестиция», – деді Нұралхан Көшеров.
Сапар барысында облыс әкімі алдымен Еңбекші Дихан ауылындағы «Иассы» индустриалды аймағына барып, оның құрылысымен танысты. Бұл аймақтың жалпы көлемі 9 гектарды құрайды, мұнда 24 жоба жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта 16 кәсіпкер өз жобаларын іске асырып, түрлі саладағы өндірістер жұмысын бастайды. Атап айтқанда, жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін цехтар іске қосылады. Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 миллиард теңге, ал жаңадан ашылатын жұмыс орындарының саны 600-ден асады.
Қарашық өндірістік аймағында 10 гектар аумаққа 20 жоба орналастырылады. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл аймақта есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабындар, пластикалық ыдыс, тігін және жиһаз цехтары ашылады. Жобалардың жалпы құны 4,5 миллиард теңге, ал ашылатын жұмыс орындары 170.
Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған. 5 гектар аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылғанда жылына 300 тонна өнім өндіріліп, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
«ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз кәсіпорындары өз өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, еліміздің әр аймағына да жөнелтіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Жұмысшылар жергілікті жерде оқытылып, біліктіліктерін арттыруда.
Шорнақ ауылында 8 гектарға индустриалды аймақ құрылып, жиһаз цехтары салынады. Үшқайықта 18 гектарға 37 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 2025–2030 жылдар аралығына жоспарланған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша да инвестициялық жобалар қатар жүріп жатыр.
Сауран ауданындағы жаңа өндірістік аймақтар өңірдегі кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа белеске жол ашуда. Жобалардың іске асуы тек қана инвестиция тартуға емес, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және өңірлік өзін-өзі қамту әлеуетінің артуына ықпал етуде.
Бұл бастамалар Түркістан облысы үшін зор маңызға ие. Әсіресе, ауылдық өңірлерде жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерлікті дамыту арқылы облыс экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етпек.



