Түркістан облысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында коммуналдық салаға қажетті қолдау көрсетілуде. Соның аясында Отырар ауданында көше тазалығы мен коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған жаңа техникалар табысталды.
Аталған техникаларды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы коммуналдық сала мамандарына ресми түрде тапсырып, бұл бастаманың аудан тазалығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңыздылығына тоқталды.
– Өткен жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауданымызда да кең көлемде жүзеге асырылып келеді. Бүгін берілген жаңа техникалар – облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген материалдық қолдаудың бір көрінісі ғана емес, бұл – ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, абаттандыру жұмыстарын жүйелеуге бағытталған нақты қадам, – деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің төрағалары Нұржан Дайрабаев пен Бектібай Арзықұлов сөз сөйлеп, коммуналдық қызмет сапасын арттыруда техниканың маңызы зор екенін атап өтті. Олар сала мамандарына сәттілік тілеп, жауапкершілік жүгін сезіне отырып жұмыс істеуге шақырды.
«Отырар-2050» мекемесі бүгінде аудан аумағында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мекеме тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау, жаяу жүргінші жолдарын тазалау, қыс мезгілінде қар аршу, жолдарға тұз бен құм себу, сондай-ақ тал отырғызу сынды жұмыстарды тұрақты түрде атқаруда.
Кәсіпорынның балансына алынған жаңа үлгідегі тракторлар, қоқыс тасығыштар мен тиегіш экскаваторлар аудандағы тазалық жұмыстарының сапасын арттыруға оң ықпал етпек.



