Түркістан облысы, Келес ауданында тұрғындардың мәдени демалысқа қолжетімділігін арттыру және мәдени инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде мәдениет нысандарын көбейту туралы тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан игі бастамалардың нақты көрінісі.
Бүгінде ауданда 8 мәдениет үйі мен 11 клуб жұмыс істейді. Соңғы жылдары бұл көрсеткішті арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асуда.
2023 жылы Ошақты ауылдық округіне қарасты Жиделі елді мекенінде 75 орындық жаңа мәдениет үйі салынып, ел игілігіне берілді. Қазіргі уақытта Жүзімдік ауылдық округінде жаңа мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, Алпамыс батыр, Біртілек және Ұшқын ауылдық округтерінде мәдениет үйлерін салуға дайындық жұмыстары жүріп, тиісті құжаттары әзірленуде. Тағы 4 елді мекенде жаңа мәдени нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды.
Сонымен қатар, биыл Абай ауылында аудандық мұражайдың құрылысы басталды. Бұл жоба үшін арнайы жер телімі бөлініп, мемлекеттік акті алынған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба толығымен аяқталған соң, аудан тарихын насихаттайтын жаңа рухани-мәдени орталыққа айналмақ.
Жергілікті билік тарапынан аталған әлеуметтік нысандардың сапалы әрі уақытылы салынуы бақылауға алынып отыр.
Жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының мәдени өміріне тың серпін беріп, елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға үлкен үлес қоспақ.



