Төлеби ауданына қарасты Ханарық елді мекенінде көптен күткен жаңа көпір пайдалануға берілді. Стратегиялық маңызы жоғары бұл нысан ауыл тұрғындарының көлік қатынасы мен тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартпақ.
Көпір құрылысы 2018 жылы басталғанымен, түрлі себептерге байланысты ұзаққа созылған болатын. Биыл бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып, нысан толық аяқталып, ел игілігіне тапсырылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ермек Сұлтанқұлов арнайы қатысып, жергілікті халықты қуаныштарымен құттықтады. Сондай-ақ, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов елді мекен тұрғындарына жүрекжарды лебізін білдіріп, көпірдің маңыздылығына тоқталды.
– Ханарық елді мекеніндегі көптен күткен көпірдің құрылысын аяқтап, ел игілігіне тапсыру – үлкен қуаныш. Бұл көпір – тек көлік қатынасын жеңілдететін өткел ғана емес, халықтың үміті мен сенімінің нышаны, ауылдың дамуына серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық жоба, – деді аудан әкімі.
Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған көпір құрылысын «АВС Group KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Ұзындығы 42 метр, ені 10 метр болатын өткел 250-ге жуық тұрғын үй мен 2 мыңға жуық азаматтың қатынасын жеңілдетпек.
Көпір – тек инженерлік нысан ғана емес, әлеуметтік дамудың негізі. Ауыл тұрғындары үшін бұл бастама – қауіпсіз жол, үздіксіз байланыс, күнделікті өмірдің жеңілдігі. Төлеби ауданында осындай маңызды жобалардың кезең-кезеңімен іске асуы өңірдің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.



