Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандарды салу жұмыстары жылдан-жылға қарқын алып келеді. Өңірдің құрылғанына 7 жыл толғанда құрылыс көлемі 3,8 есеге өсіп, 536,2 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 140 млрд теңгені құраған болатын.
Халықты баспанамен қамту – басым бағыттардың бірі. Осы жылдар ішінде пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 3 есе артып, 1 млн 153 мың шаршы метрге жетті. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 388 мың шаршы метр болған еді.
Жалпы алғанда, облыс құрылғаннан бері 8 449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 5 000-нан астам отбасы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы мен «Отбасы банк» арқылы әлеуметтік-кредиттік тұрғын үй сатып алды. Жалдамалы пәтерақының 50%-ын субсидиялау бағдарламасы аясында 2 000-нан астам отбасы қолдауға ие болды. Бұл – әлеуметтік әлжуаз топтар үшін нақты көмек.
2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысымен облыста 306,1 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 1 млн 60 мың шаршы метр болатын 231 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Оның ішінде 428,8 мың шаршы метр – көпқабатты үйлерге, 631,2 мың шаршы метр – жеке тұрғын үй құрылысына тиесілі.
Аталған жоспар орындалса, 6 891 отбасы жаңа баспанаға ие болады. Бұл көрсеткіш облыстағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың жағдайын едәуір жақсартады. Бүгінде кезекте 69 мыңға жуық тұрғын тұр. Тұрғын үй құрылысының осындай қарқынмен дамуы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өсімінің нақты көрсеткіші деуге болады.



