Кентау қалалық орталық ауруханасында діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиынға медицина қызметкерлері мен дін саласының мамандары қатысты.
Аталған шараға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Абдрахман және «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай қатысып, жат діни ағымдардың белгілері мен қауіптілігі туралы кеңінен баяндады.
Кездесу барысында теолог мамандар қазіргі қоғамда белең алып отырған радикалды идеялардың таралу жолдарын, олардан сақтану әдістерін және дін атын жамылған топтардың теріс әрекеттерін нақты мысалдармен түсіндірді. Олар сондай-ақ дінді дұрыс түсіну мен сенімді ақпарат көздерін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
– Теріс ағым өкілдері көбіне діни мәтіндерді бұрмалап түсіндіреді, қоғамнан бөліп алуға, заңға қайшы әрекетке итермелеуге тырысады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін әрбір азамат діни сауатын арттырып, ресми дін мамандарымен байланыста болуы тиіс, – деді теолог Ұ. Құлтай.
Сонымен қатар, мамандар қатысушыларға ұлттық дәстүр мен Ислам дінінің өзара сабақтастығын, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау жолдарын айтып өтті.
Жиын соңында медицина қызметкерлері көкейдегі сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан тұшымды жауап алды.
Бұл іс-шара – қоғамдағы рухани қауіпсіздік пен діни тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы маңызды бастамалардың бірі.



