Жетісай ауданында кәсіпкерлік пен өндіріс саласын дамыту мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Асықата кенті аумағынан 59 гектар жерге «Жетісай» индустриялды аймағы құрылған. Қазіргі таңда бұл аймақты инфрақұрылыммен қамтуға қажетті жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалуда.
Биыл индустриялды аймақта жалпы құны 33 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде 1 870 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде төрт жоба мақұлданып, инвесторлар құрылыс жұмыстарына кірісті. Бұл туралы Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов бұқаралық ақпарат құралдарына берген брифинг барысында мәлімдеді.
– Индустриялды аймақ аудан экономикасының өсуіне серпін береді. Қазіргі таңда бұл аумақта «TST Zhetysai Group» ЖШС мақта өңдеу зауыты мен жіп иіру фабрикасының құрылысын бастады. Сонымен қатар, «Агро Сүт» сүт өңдеу зауыты, «Бірлік–Е» мақта өңдеу кәсіпорны және «Altyn Kun Group» полиэтилен қалдықтарын өңдеп, су үнемдеу жабдықтарын шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр, – деді аудан басшысы.
Аудан экономикасындағы өсім көрсеткіштері де тұрақты. 2024 жылдың қорытындысында жалпы өңірлік өнім көлемі 184,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10 млрд теңгеге артқан. Биыл бұл көрсеткішті 190,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. 2024 жылы аудан өнеркәсібі 18,4 млрд теңгенің өнімін өндірсе, биыл бұл көлемді 21,2 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Ал бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 4,6 млрд теңгені құрады.
Инвестиция көлемі де артып келеді. Өткен жылы аудан экономикасына 43,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге көп болды.
Ауыл шаруашылығы – Жетісай экономикасының негізгі саласы. Ауданда 10 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Биыл 79,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, 1,2 мың гектарға егілген ерте пісетін қырыққабаттан 40 мың тонна өнім жиналды. Қазір қауын-қарбыз өнімдерін жинау басталды. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдеріне экспортталуда. 321 шаруа қожалығы 1,2 мың гектар алқаптан екі рет өнім алу жобасын жүзеге асыруда.
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2024 жылы 15 елді мекенде 15 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 2,5 млрд теңге бағытталып, елді мекендерді газдандыру, жол жөндеу, мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылуда.
Нәтижесінде, аудан халқының 81,9%-ы табиғи газбен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 86,6%-ға жетпек. Ал ауыз сумен қамту деңгейі бүгінде 100%-ды құрайды.



