Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуына баса назар аударылуда. Осы мақсатта облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Шардара және Келес аудандарына барып, әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Алдымен Шардара ауданында болған аппарат басшысы аудан әкімі Арман Қарсыбаевпен бірге жағажай инфрақұрылымын дамыту мақсатында қолға алынған жаңа жол құрылысының барысын бақылады. Қазіргі таңда жол тегістеу, тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, болашақта асфальт төселіп, электр желілері тартылатын болады.
Мұнан соң, «Өтеғұл» шағынауданында 300 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы тексерілді. Еркебұлан Дауылбаев мердігерге жобаны сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға арналған 10 тұрғын үй құрылысы мен №2 шағын аудандағы бұрынғы бей-берекет қоқыс орнында атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстары назарға алынды.
Іссапар барысында «Болашақ» шағынауданындағы жеке инвестиция есебінен салынудағы 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы да қаралды. Аппарат басшысы нысан сапасын қатаң бақылауда ұстап, инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылуын міндеттеді. Құрылыс сапасы – тұрғындар өмірінің сапасы екенін атап өтіп, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Сапардың келесі бөлігі Келес ауданында жалғасты. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, құрылыс алаңдарын аралады.
Абай ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық мектеп, спорт кешені, екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Сонымен қатар, Біртілек ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражай ғимараты салынып, ауданның әлеуметтік және мәдени әлеуетін арттыру көзделуде.
Нысандарды аралау барысында Еркебұлан Дауылбаев мердігер ұйымдарға ескертулер айтып, жұмысты жандандыру мен сапаға басымдық беруді тапсырды. Барлық жобалардың жүзеге асуы облыс басшылығының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.



