Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Асанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Аудан басшысының айтуынша, 2025 жылдың алғашқы 5 айында өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 11,3 млрд теңгеге жеткен. Ал ауданға тартылған инвестиция көлемі 9,4 млрд теңгені құраған.
— Ауыл шаруашылығы саласында есепті кезеңде 6,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Жалпы, 60,3 мың гектар егістік жердің 35,1 мың гектарына мақта дақылы, 15,5 мың гектарына картоп, бақша және көкөніс, 4,2 мың гектарына көпжылдық мал азықтық дақылдар егілді. Егін шаруашылығындағы өнімділікті арттыру мақсатында биыл 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізіледі, — деді Бақыт Асанов.
Бұдан бөлек, аудан бойынша әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси елді мекенінде әлеуметтік осал топтарға арналған жалға берілетін тұрғын үйлер сатып алуға 1,5 млрд теңге бөлінген.
Білім беру саласы бойынша биыл Еркінабад және Нұрлы жол елді мекендерінде 200 орындық екі мектептің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Үлгілі ауылында 600 орындық мектептің құрылысы толық аяқталып, жаңа оқу жылына дайын. Ал Атакент кентіндегі 1500 орындық ірі білім ұясының құрылысы биылғы тамыз айында аяқталып, қолданысқа берілмек. Сондай-ақ, 2025 жылы 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Денсаулық сақтау саласында да жаңғыру байқалады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4 жаңа медициналық нысанның құрылысы басталған. Бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту ісі де назардан тыс қалмаған. Аудан тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. 68 елді мекеннің 46-сы табиғи газға қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 538,3 млн теңгеге 21,8 шақырымды құрайтын 24 көше жөнделуі тиіс. Бүгінде 13,5 шақырым жолға асфальт төселіп үлгерген. Сонымен қатар, аудан аумағындағы 112 көшеге жалпы ұзындығы 132 шақырымды құрайтын жарықтандыру желілері тартылып, 4173 дана көше шамдары орнатылған.
Аудан әкімінің айтуынша, бұл көрсеткіштер алдағы уақытта одан әрі артып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасын табады.



