Түркістан облысының туристік әлеуеті жоғары аудандарының бірі – Шардарада жазғы маусымда жағажайға келушілер саны едәуір артады. Осыған орай, демалушылардың қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жағажай маңында кешенді шаралар атқарылуда.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы іссапармен Шардара ауданына барып, жағажай маңында жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен танысты. Қазіргі таңда демалыс аймағы тазаланып, суға шомылу аймағы кеңейтілді. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, кезекші құтқарушылардың жұмысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, көлік қозғалысын шектеу және су маңындағы сәкілерді жағадан алшақтату сияқты қауіпсіздік шаралары іске асырылды.
Тұрғындар мен қонақтардың жайлы демалуы үшін санитарлық талаптарға сай жуынатын және санитарлық-гигиеналық орындар орнату қажеттігі де атап өтілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі үйлестіру жөнінде жауапты сала басшылары мен кәсіпкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Жазғы шомылу маусымы аяқталғанға дейін жағажай аумағындағы тәртіп пен тазалық жұмыстары облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады. Демалыс аймағын абаттандыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.



