Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм бүкіл әлемге ортақ қауіпке айналып отыр. Осындай күрделі жағдайда қоғамда діни сауаттылықты арттыру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу – уақыт талабы. Бұл бағытта Кентау қаласында да бірқатар іс-шаралар қолға алынған.
Жуырда «Кентау қалалық Руханият» орталығының ұйымдастыруымен №2 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлеріне арнап ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Басқосуға теолог мамандар қатысып, діни радикализмнің қоғамға тигізер кері әсері туралы кеңінен түсіндірді.
Шара барысында орталықтың теолог мамандары қатысушыларға дәстүрлі дін мен радикалды ағымдардың айырмашылығын нақты дәлелдермен түсіндіріп, жат идеологиялардың таралу жолдары мен олардың алдын алу тетіктеріне тоқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тарап жатқан түрлі діни мазмұндағы ақпараттарды сын көзбен қабылдаудың маңыздылығы айтылды. Себебі, деструктивті бағыттағы діни ұйымдар көбіне адамдардың діни сауатының төмендігін пайдаланып, түрлі манипуляцияларға баратыны жасырын емес.
Кездесу соңында қатысушыларға ақпараттық парақшалар таратылып, мамандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді. Мұндай шаралар дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға, қоғамда рухани тұрақтылықты сақтауға оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Айта кетейік, Кентау қалалық «Руханият» орталығы бұған дейін де білім беру мекемелері мен мемлекеттік ұйымдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келген. Бұл бағыттағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені діни сауаттылық – қоғам қауіпсіздігінің басты кепілі.



