Түркістан облысында туризм саласының дамуы қарқын алып келеді. Биылғы жылдың 5 айында өңірге келген шетелдік туристер саны екі есеге өсіп, 18 699 адамға жеткен. Бұл туралы «E-qonaq» жүйесінің деректері мәлімдейді. Шетелдік меймандардың дені Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай және Қырғызстан елдерінен келген.
Туристердің көбіне тарихи орындарға қызығушылық танытатыны белгілі. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне және өзге де киелі орындарға 424 мыңнан астам адам сапарлаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артық. Ал табиғи аймақтарға барған саяхатшылар саны 58 мыңға жуықтап, бұл бағытта да екі есе өсім тіркелген.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы туристік инфрақұрылым нысандарын арнайы аралап, сапар барысында тазалық, қызмет сапасы мен келушілерге қолайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударды.
– Мемлекет басшысы туристік инфрақұрылымды дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілгендіктен, бұл сала басым бағыт ретінде қаралуы тиіс. Туристер мен зиярат етушілерге ыңғайлы жағдай жасау – басты талап, – деген облыс әкімі жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Аралау барысында кейбір кемшіліктер мен санитарлық жағдайлар бойынша сын-ескертпелер айтылып, оларды жою жөнінде тиісті ұсыныстар берілді.
Айта кетейік, туристердің қауіпсіздігі мен сапалы қызмет алуы үшін Түркістан қаласында арнайы туристік полиция жасақтары қызмет етуде. Қызметкерлер бейнежетон, планшет, рация, арнайы киім және электрокарлармен қамтамасыз етілген.
Туризм – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды сала. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасатын болады.



