Түркістан қаласында тазалық пен экологияны жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар әсіресе елімізде жарияланған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемде қолға алынды.
Жуырда Түркістанда кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Шараға қала әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері, сондай-ақ бірқатар жеке ұйымдар белсенді қатысты. Жалпы саны 800-ден аса адам қала тазалығына өз үлесін қосып, 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сенбілік барысында шөптер шабылып, аяқжолдар сыпырылып, тұрмыстық қалдықтар жиналып, экологиялық маңызы жоғары 18 нысан толықтай тазартылды.
Түркістан қаласы әкімдігі тазалық жұмыстарын маусымдық акциялармен шектемей, тұрақты жүйеге айналдырып отыр. Экологияны жақсарту, тұрғындарға жайлы әрі таза орта қалыптастыру мақсатында жыл бойы жоспарлы жұмыстар жалғасуда.
Сондай-ақ, қалада инфрақұрылым мен көгалдандыру бағытында да ауқымды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен жиында осы бағыттағы жұмыстардың барысы мен келешекке жоспарлар талқыланды. Қала басшысы жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп, нәтижені бақылауда ұстайтынын жеткізді.
2025 жылы Түркістанда көгалдандыру жұмыстары 250 гектар аумақты қамтиды. Жыл басынан бері қала аумағында 192 467 дана ағаш пен бұта отырғызу көзделсе, оның 160 975-і облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, биыл 1,2 миллионға жуық біржылдық және көпжылдық гүл егілген. Бұл жұмысқа «Kaspiyan» және «SK Geokart» серіктестіктері жұмылдырылған.
Жасыл желекті тұрақты күтіп ұстау мақсатында суару инфрақұрылымы да жаңартылуда. Тамшылатып суару, мотопомпа және насос жүйелерімен қатар гидрантты суару желілері енгізілуде. Әуежай жолы, айналма жол және Коммунизм аумағы сияқты бірнеше ірі учаскелерде су айдайтын құрылғылар орнатылып, жасыл аймақтардың күтімі күшейтілуде. Сонымен қатар, декоративті көгалдар төселіп, қаланың келбетін көркейтуге арналған жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Әкімдік тарапынан егілген жасыл желектерге күтім жасау, гүлзарлар мен көгалдарды маусымдық жоспарға сәйкес күтіп ұстау жұмыстары ерекше бақылауға алынған. Қалада жайлы экологиялық орта қалыптастыру тек мемлекеттік деңгейдегі шара ғана емес, әр тұрғынның ортақ міндеті екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы алдағы уақытта да кеңейе түсетіні сөзсіз.
Қазіргі таңда Түркістан жасыл қалаға айналып келеді. Тек көгалдандырумен шектелмей, қоғамдық орындар мен көшелердің тазалығы, инфрақұрылымның жаңаруы, ауаның сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар арқылы Түркістан экологиялық тұрғыдан ең таза әрі жайлы қалалардың біріне айналуда.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Түркістанның тек тарихи-рухани емес, жасыл әрі таза қала ретінде де кеңінен танылуына жол ашады.



