Сарыағаш ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде инфрақұрылым саласындағы ірі бастамалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға зор үлес қосуда. Қазіргі таңда Құркелес ауылдық округіне қарасты Ақниет елді мекенінде екі маңызды жоба – таза ауыз сумен және сапалы электр қуатымен қамту бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жақында аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс барысын пысықтау мақсатында құрылыс басында болып, мердігер мекемелермен кездесті.
– Жобалар сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Бұл – аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам, – деп атап өткен аудан басшысы мердігер ұйымға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы С.Қарақұловқа жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақниет елді мекенін таза ауыз сумен қамту жобасы аясында 20,02 шақырым ұзындықта су құбырларын тарту қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Жоба толық іске қосылғанда 300-ден астам үй сапалы ауыз сумен қамтылады. Бұдан бөлек, елді мекенді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 5 дана жаңа трансформатор қондырғысы мен 650 дана электр бағанасы орнатылады. Бұл жұмыс та жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Мұндай нақты инфрақұрылымдық жобалар Сарыағаш ауданында ғана емес, еліміздің барлық өңірінде қолға алынған кешенді жұмыстардың бір бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сөйлеген сөзінде: «Халықтың тұрмыс сапасын арттыру – біздің басты міндетіміз. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымды жаңарту, жол, су, жарықпен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Бұл – әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам», – деген болатын. Президенттің бұл сөзі елді мекендердегі нақты істермен, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне бағытталған жобалармен дәлелденіп отыр. Сарыағаш ауданындағы ауыз су мен электр желісі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар осы бағыттағы нақты мысал.
Аудан әкімінің айтуынша, инфрақұрылым саласындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта да Сарыағаш ауданының әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында жаңа жобалар жүзеге асырылады.



