2024 жылдың наурыз айында Сайрам ауданында экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы ресми түрде басталды. Осы уақыт ішінде акцияға жалпы 113 864 адам қатысып, олардың қатарында жастар, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер және кәсіпорын қызметкерлерінің белсенділігі ерекше байқалды. Бұл азаматтардың ұжымдық күш-жігері мен табиғатты қорғауға деген жауапкершілігінің айқын дәлелі.
Акцияны ұйымдастыруға аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер атсалысып, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жүргізілді. Мұндай ынтымақтастық елді мекендер мен қоғамдық орындарды жүйелі әрі тұрақты түрде тазалау жұмыстарын қамтамасыз етті. Түркістан облысының бекіткен сенбілік кестесіне сәйкес, бүгінгі күні ауданымыздағы барлық 42 елді мекенде тазалық жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Жасыл желекті кеңейту және табиғатты әсемдендіру мақсатында 2024 жылы аудан аумағына 46 600 дана көшет отырғызылып, 2025 жылдың көктемінде тағы 23 300 дана көшет егілді. Күз мезгілінде тағы 23 300 көшетті отырғызу жоспарлануда. Бұл шаралар экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі жасыл орта қалыптастыруға септігін тигізеді.
Қоғамдық орындар мен мекемелердің аула аумақтарын көріктендіру бағытында «Жасыл офис» және «Өз ауланды тазала» сияқты көгалдандыру жобалары табысты жүзеге асты. Алдағы уақытта «Даңқты батыр бабалар» аллеясы мен «Үлгілі ауыл» жобасы аясында да осындай шаралар қабылдануы мүмкін.
Акция аясында «Таза бастау», «Таза қала», «Жасыл қала», «Жасыл толқын», «Таза жағалау», «Таза табиғат» сияқты көптеген сенбіліктер мен тазалық шаралары өткізілді. Оларға қатысқан адамдар саны 113 864-ке жетті. Бұл көрсеткіш экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы тұрғындардың белсенділігін көрсетеді.
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті насихаттау мақсатында арнайы жарнамалық билбордтар ілініп, «TazaBot» атты телеграм-бот жүйесі іске қосылды. Бұл платформа арқылы тазалық шаралары туралы ақпараттар үнемі жарияланып, тұрғындардың белсенді қатысуы қамтамасыз етілуде. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та да экологиялық тақырыптағы материалдар тұрақты түрде таратылады, бұл халықтың санасына тұрақты әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Таза табиғат – біздің болашағымыз. Қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы болуы тиіс. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты аялау – ұлттың ұлы міндеті» деген болатын. Бұл ұстаным ауданда «Таза Қазақстан» акциясын табысты жүзеге асыруға үлкен серпін беріп отыр.
Алдағы уақытта да Сайрам ауданында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған «Тазалық – біздің қолымызда», «Күзгі тазалау», «Жасыл болашақ», «Тазалық жұмысшысы», «World Clean-up Day» және «Саябақтар шеруі» сияқты ауқымды жобалар жүзеге асырылатын болады. Бұл бастамалар экологиялық жауапкершілікті арттырып, ауданымыздың таза әрі жайлы келбетін сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді. Облыс әкімінің бекіткен жол картасы бойынша 88 іс-шара жоспарланып, оның 38-і тұрақты түрде іске асырылуда. Бұл – келер ұрпаққа таза, жайлы және жасыл орта қалдыруға бағытталған үлкен міндет.



