«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру бағытында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Президент өз мәлімдемелерінде: «Экологиялық қауіпсіздік – ұлт денсаулығы мен ел болашағының негізгі кепілі. Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың парызы. Біз болашақ ұрпаққа жасыл әрі таза Қазақстан қалдыруымыз керек», – деп атап өткен болатын. Ел Президентінің осы бастамасын қолдай отырып, бүгінде барлық өңірлерде, соның ішінде Түркістан облысында да «Таза Қазақстан» акциясына орай түрлі деңгейдегі тазалық жұмыстары жүйелі түрде қолға алынған.
Айталық, Шардара ауданында аталған акция аясында нақты әрі нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тікелей тапсырмасымен жағажай аумағында және демалыс орындарында санитарлық талаптардың сақталуына қатысты рейдтік бақылау жұмыстары күшейтілді. Бұл бақылау жұмыстары ауданның туристік әлеуеті жоғары аумақтарын ретке келтіру, экологиялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ азаматтардың демалыс орындарында тазалықты сақтауын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.
Өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында санитарлық талаптарды бұзған бірқатар кәсіпкерлік нысандар анықталып, нақты іс-шаралар қолданылды. Мәселен, тазалық нормаларын орындамаған 3 нысан иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік айыппұлдар салынды.
Рейдтік бақылау жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, табиғатты қорғау саласының мамандары, полиция өкілдері және қоғамдық ұйымдардың белсенді мүшелері тартылды. Мұндай кең көлемдегі бірлескен бақылау іс-шарасы тек заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, тазалықты сақтау мәдениетін насихаттауға да мүмкіндік берді. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нысан иелеріне алдағы уақытта талаптарды бұлжытпай орындау міндеттелді.
Жалпы алғанда, бұл шаралар аудан халқы мен қонақтарының өмір сүру сапасын жақсартуға, жағажайлардың санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға бағытталған. Өйткені, жағажай аймағы – тұрғындар мен туристер жиі келетін демалыс орны болғандықтан, онда тазалықтың сақталуы – еліміздің мәртебесі мен тұрғындардың денсаулығы үшін аса маңызды.
Аталған рейдтік жұмыстар тек бір реттік іс-шара емес, жаз мезгілі бойы тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Бұл Шардара ауданында экологиялық тәртіпті сақтауға деген жауапкершіліктің артып келе жатқанын білдіреді. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде ауданда ағаш отырғызу, көгалдандыру, қоқыс жинау, өзен-көлдер маңын тазарту сияқты өзге де табиғатты қорғау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Қазақстанның әрбір азаматы өзінің тұрған жерін таза ұстауға жауапты екенін сезінгенде ғана біз шын мәнінде «таза елге» айналамыз. Осы жолда қолға алынған әрбір іс – үлкен өзгеріске бастайтын қадам. Шардаралықтардың бұл бағыттағы белсенділігі өзгелерге де үлгі бола алады деп сенеміз.
Айта кетейік, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, бүгінгі күнге дейін «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 2320 өтінім түскен. Ол өтініштердің 2 308-і орындалған болса, 12 өтінім орындалу үстінде. Қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтамаған тұлғаларға жыл басынан бері 10 570 хаттама толтырылып, 262,5 млн. теңге айыппұл салынды. Оның 142,6 млн. теңгесі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға өскен.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аэровизуалды мониторинг нәтижелерін «109» өтініштерді өңдеу жүйесіне интеграциялап, байланыстыру жұмыстары қолға алынды. Елімізде алғаш рет енгізіліп отырған бастама жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек. Осыған орай, жауапты тұлғаларға аудан, қала әкімдіктерін арнайы дронмен қамтамасыз етіп, бейнематериалдар мен фотодеректерді «109» жүйесіне жедел жүктеу арқылы ретке келтіру бойынша тапсырма берілді.



