Еліміздің өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына Шардара ауданындағы балабақша бүлдіршіндері де өз үлестерін қосты. Ерте жастан экологиялық тәрбие беруге бағытталған бұл игі іс-шара – өскелең ұрпақтың бойында табиғатқа деген жанашырлықты қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрететін маңызды қадамдардың бірі.
«Таза Қазақстан» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан, Қазақстан халқының экологиялық мәдениетін көтеруді, қоршаған ортаның тазалығын сақтауды, әрі тұрғындарды салауатты өмір салтына шақыруды мақсат еткен кең ауқымды экологиялық жоба. Президент өз Жолдауында бұл туралы: «Біз таза әрі қауіпсіз, жасыл ортада өмір сүруіміз керек. Бұл – еліміз үшін маңызды стратегиялық міндеттердің бірі. Табиғатты қорғау – барша азаматтың парызы», – деп атап өткен болатын.
Міне, осындай ауқымды мақсаттарды жүзеге асыру жолында Түркістан облысында да бірқатар ауқымды экологиялық шаралар қолға алынып жатыр. Облыс көлемінде сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, қоқыс жинау жұмыстарынан бөлек, экологиялық тәрбиеге арналған кездесулер мен семинарлар ұйымдастырылып, тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Солардың бірі ретінде Шардара ауданында балабақша бүлдіршіндерінің қатысуымен өткен экологиялық тазалық акцияны айтуға болады. Аталмыш іс-шара барысында бүлдіршіндер тәрбиешілерімен бірге балабақша маңын, саябақтар мен ойын алаңдарын тазалап, қоқыстарды жинады.
Жалпы мұндай шаралар тек қана тазалықты сақтау емес, сонымен қатар кішкентайлардың бойына табиғатты аялау, оны қорғау сынды адами құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Сонымен қатар, балалардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттырып, азаматтық жауапкершілікке тәрбиелейді. Бүлдіршіндер өз қолдарымен тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы экологиялық мәдениеттің маңызын түсіне бастайды. Мұның болашақта елінің табиғатын сүйетін, қоршаған ортаны қорғайтын ұрпақ тәрбиелеуге зор ықпал ететіні сөзсіз.
Шара соңында бүлдіршіндерге арнайы марапаттар мен сыйлықтар табысталды. Балабақша ұжымы алдағы уақытта да мұндай игі іс-шараларға белсенді түрде қатысатынын жеткізді. Айта кету керек, Шардара ауданы бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында бұдан басқа да бірнеше сенбілік пен тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, оған тұрғындар белсенді түрде қатысуда.
Ал, кішкентай бүлдіршіндердің табиғатты тазалауға өз еркімен араласуы – үлкендер үшін үлгі боларлық іс. «Бала – болашағымыз» десек, олардың табиғатқа деген құрметін қалыптастыру арқылы біз жарқын әрі таза Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз. Еліміздің әрбір өңірінде осындай игі істер жалғасын тауып, «Таза Қазақстан» акциясы тек бір реттік емес, тұрақты дәстүрге айналса, болашақ ұрпаққа біз таза әрі көркем табиғат қалдыратын боламыз.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда өңірде жоспарланған 7263 іс-шараның 2614-і өткізілді. Бұл іс-шараларда 458657 тұрғын белсенділік танытып, өз қалалары мен ауылдарын тазартуға үлес қосты. Тазалық жұмыстарына 2980 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 509 мың түп көшет отырғызылып, 9143 тонна қоқыс шығарылды.



