Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарды қоғамдық жұмыстарға тарту – қазіргі таңда мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Түркістан облысының Келес ауданында осы бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Аудан орталығы – Абай ауылында «Асар» әдісімен кең ауқымды тазалық шаралары қолға алынып, халық игілігі үшін нақты істер атқарылуда. Бұл бастама елімізде жарияланған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей:«Жергілікті жерлердегі экологияны жақсарту мен санитарлық тазалықты қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Біздің табиғатқа деген құрметіміз – келешек ұрпақ алдындағы парызымыз». Бұл сөздер бүгінгі күні Келес ауданындағы қоғамдық белсенділік пен тазалық шараларының айнасына айналғандай.
Абай ауылында бастау алған тазалық шарасына ауданға қарасты ауылдық округтерден қоғамдық ақылы жұмысқа тартылған 200-ден астам азамат жұмылдырылды. Олар шөп орып, ауыл ішіндегі көшелер мен арықтарды қоқыстан тазартып, санитарлық жағдайды жақсартуға күш салуда. Жұмыс бірнеше секторға бөлініп, жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл – бұрыннан халқымыздың бірлігін көрсететін, «Асар» дәстүрінің заманауи жаңғыруы. Бұл ретте Үкімет бекіткен әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қоғамдық жұмыс арқылы халықты уақытша жұмыспен қамту тетігі тиімді іске асып отыр. Бұл тек экологиялық емес, әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды да қатар қамтитын оң бастама.
Парламент пен Үкімет деңгейінде бекітілген өңірлерді дамыту бағдарламаларында да экологиялық мәдениетті арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, халықтың өмір сүру сапасын көтеру бағыттары айқын көрсетілген. Бұл жұмыс Түркістан облысы әкімдігі тарапынан да жүйелі түрде қолдау тауып келеді. Бүгінгі таңда Абай ауылында тек тазалық емес, әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму да ерекше қарқын алған. Құрылыс алаңдары қызу жұмыс үстінде. Мәселен, Асан Қайғы көшесінде жаңа үлгідегі «Жайлы мектептің» құрылысы жүріп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған 800 жаңа мектеп жобасының аясында салынып жатқан білім беру нысаны.
Жолдауларында Президент бірнеше мәрте атап өткендей: «Білім саласына салынған инвестиция – ел болашағына салынған инвестиция». Сонымен қатар, Абай ауылында заманауи музей, жас буынды дамыту орталығы және жаңа спорт кешенінің құрылысы да қарқын алған. Бұл нысандар тек физикалық инфрақұрылым ғана емес, мәдени, рухани және әлеуметтік тұрғыдан ел болашағына қызмет ететін орталықтарға айналмақ.
Жылқышиев көшесінің бойынан ашылған демалыс аймағы – Арбат та халық игілігіне берілді. Арбат – тек демалыс орны емес, тұрғындар арасындағы байланыс пен қоғамдық өмірдің орталығына айналып отыр. Алдағы кезеңде бұл көшені Абай көшесіне дейін кеңейту жұмыстары жоспарланған. Бұған қоса, аудан орталығындағы тозығы жеткен көшелерді орташа жөндеу және автобекет маңын абаттандыру да күн тәртібінде тұр. Бұл жұмыстар – жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары мен аудан әкімдігінің жүйелі әрі тиімді қызметінің нәтижесі. Мемлекет басшысы айтқандай:
«Әкімдердің жұмысы елдің өмір сапасын жақсартумен өлшенуі керек. Әрбір аудан мен ауылда нақты өзгерістер сезілуі қажет».
Экологиялық мәдениет – тек тазалықты сақтау емес, туған жерге деген жанашырлықтың, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Абай ауылындағы тазалық жұмыстары барысында тұрғындар мен жұмысшылардың белсенділігі мен ынтымақтастығы ерекше көзге түсті. Бұл өз кезегінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын жүзеге асыруға қосылған зор үлес. Сондай-ақ бұл бастамалар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сай келеді. Өйткені әрбір бастама халықтың қатысуымен, пікірін ескере отырып жүзеге асуда. Келес ауданындағы «Асар» әдісімен басталған тазалық шаралары – мемлекеттік саясат пен ұлттық дәстүрдің үйлесімді тоғысуының нақты дәлелі.



