Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бірнеше мәрте экологиялық ахуалды жақсартудың және халықтың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауының маңыздылығына тоқталған болатын. Осы орайда, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміз бойынша кең ауқымда жүзеге асырылып келеді. Бұл – қоршаған ортаны қорғау, санитариялық тазалықты сақтау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс жою және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді бастама.
Түркістан облысында аталған акция шеңберінде бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Келес ауданына қарасты Ошақты ауылдық округінде жалпыхалықтық сенбілік өткізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Атақоныс ауылында өткен тазалық шарасы барысында рұқсатсыз төгілген қоқыс орындары тазаланып, ауылдың санитариялық жағдайы жақсарды. Бұл жұмысқа округ әкімдігі, ауылдық мекемелер, қоғамдық ұйымдар және жергілікті тұрғындар бірлесіп атсалысты. Ұйымшылдықпен өткен сенбілік – тек тазалық шарасы емес, тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған нақты іс-қимылдың көрінісі.
Сонымен қатар, округ аумағында соңғы уақытта бейберекет қоқыс төгу жағдайлары жиілегені байқалады. Әсіресе, саябақтар мен жол жиегі, бос жатқан учаскелерде рұқсатсыз қоқыс тастау фактілері тіркелуде. Осыған байланысты ауыл тұрғындары арасында үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Әкімдік қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар бірлесе отырып, арнайы белгіленбеген орындарға қалдық төгудің заңсыз екенін және бұл әрекетке ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп отыр. Атап айтқанда, 505-бап бойынша қоғамдық орынды ластаған тұлғаларға ескерту немесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатыны түсіндірілуде. Бұл бағыттағы бақылау күшейтіліп, бейнебақылау жүйелері арқылы құқықбұзушылар анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылып жатыр.
Мемлекет тарапынан экологиялық тәртіп пен табиғатты қорғау бағытында бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. Қалдықтарды сұрыптап жинау, қайта өңдеу жүйесін дамыту, экологиялық инфрақұрылымды жетілдіру – қазіргі таңда мемлекеттік маңызы бар міндеттердің қатарында. Бұл ретте облыс және аудан әкімдіктеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Түркістан облысы әкімдігі мен Келес ауданы басшылығы бұл бағытта нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Келес ауданындағы Ошақты ауылдық округінде өткізілген сенбілік – «Таза Қазақстан» акциясының өңірлік деңгейде сәтті жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл шара – бір реттік науқан емес, ел азаматтарының экологиялық сана-сезімін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді қозғалыс. Тазалық – тек әкімдік пен мемлекеттік органдардың ғана емес, әр тұрғынның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Өйткені қоршаған ортаны аялау – болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз.



