Түркістан облысында демалыс орындары мен туристік нысандардың санитарлық тазалығы мен қауіпсіздігіне қатысты жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кеңінен талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров шомылу маусымы мен туристік қозғалыстың белсенділігі артқан кезеңде жағажайлар мен демалыс орындарындағы қауіпсіздік пен тазалық мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті.
– Аудан, қалалардағы су нысандарына арнайы ескерту белгілерін орнату, судағы қауіпсіздікті қатаң бақылауға алу міндет. Облыс аумағында туристік инфрақұрылымды дамыту, сапалы қызмет көрсетуді арттыру, жағажайлардағы тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдануы тиіс. Бұл бағыттағы жұмысқа жауапты сала басшылары мен әкім орынбасарларының жауапкершілігі қаралуы керек. Туризм – өңір дамуының басым бағыты. Сондықтан жұмысты күшейту қажет, – деді облыс басшысы.
Жиын барысында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов пен Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешев сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
Бүгінде Түркістан облысында 245 орналастыру орны, 298 демалыс аймағы және 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Туристер әсіресе жаз айларында «Шардара» су қоймасы, Балықты көлі мен «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне жиі барады. Су айдындарында 27 жерде шомылуға рұқсат етілген болса, 111 қауіпті орынға шомылуға тыйым салынғаны жөнінде арнайы белгілер қойылған. Бұл жұмыстар судағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Алайда кейбір тұрғындар мен демалушылар тарапынан қауіпсіздік талаптарын елемеу деректері әлі де тіркеліп отыр. Осыған байланысты бақылау жұмыстары күшейтіліп, су қоймалары мен туристік аймақтарда рейдтік шаралар жалғасатын болады.
Облыс бойынша туризм саласын дамытуға арналған нақты қадамдық жоспар бекітіліп, аудан-қала әкімдіктеріне санитарлық тазалықты жүйелі түрде қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, әр мекемеге нақты міндеттемелер жүктелді.
Мәжіліс қорытындысында демалыс орындарының инфрақұрылымын жақсарту, туризм кластерін дамыту, қауіпсіздік талаптарын күшейту және саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар тапсырмалар беріліп, тиісті шешімдер хаттамаға енгізілді. Облыс аумағындағы жағажайлар мен туристік нысандарда мониторинг және реттеу жұмыстары жалғасын табады.



