Кентау қаласы мен Сауран ауданы әкімдіктерінің бірлесіп ұйымдастыруымен қос өңір жастарының басын қосқан «Ынтымағы жарасқан жастар» атты тағылымды кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында татулық пен достықты нығайту, тарихи-мәдени байланыстарды дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау және ел бірлігін бекемдеу.
Кездесуге Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейітжанов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, Кентау қаласы прокурорының орынбасары Бекжан Балқыбеков, Сауран ауданының прокуроры Алмаз Асылбеков, екі өңірдің зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастары қатысты.
Жиын барысында сөз алғандар Кентау мен Сауранның тарихи байланысы, мәдени және рухани сабақтастығы жөнінде кеңінен тоқталып, ұрпақтар арасындағы үндестік пен сабақтастықтың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, бірлігі бекем елдің ғана болашағы баянды болатыны айтылып, жастарды татулық пен еңбекқорлыққа, елжандылыққа үндеді.
– Ел болашағы – білімді, ұлтжанды, бірлік пен ынтымақты бағалай білетін жастардың қолында. Осындай басқосулар – сол ұрпақты тәрбиелеудің нақты көрінісі, – деді зиялы қауым өкілдері.
Шара аясында жастар арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын насихаттауға, жастар арасындағы достық пен ынтымақтастықты арттыруға серпін берді.
Мұндай тағылымды кездесулер – жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік дарытатын маңызды қадам. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.



