Кентау қаласында діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу бағытындағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстары жалғасуда. Жуырда ішкі саясат бөлімінің тапсырысы негізінде «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ мамандары Абай даңғылы бойындағы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шараның басты мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, жастарды деструктивті ағымдардың ықпалынан қорғау және дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау болды. Мамандар тұрғындармен тікелей жүздесіп, қоғамда белең алып жатқан теріс діни ағымдардың сипаты, олардың әрекет ету тәсілдері мен идеологиялық ерекшеліктері туралы ақпарат берді.
Түсіндіру барысында арнайы әзірленген «Жат ағымдардың жастарға әсері» және «Деструктивті діни ағымдардың портреттері» атты ақпараттық бүктемелер таратылды. Бүктемелерде деструктивті топтардың белгілері, олардың интернеттегі әрекеті, тарту тәсілдері мен сақтану жолдары нақты әрі түсінікті тілде баяндалған.
Мұндай жұмыстар – дін атын жамылған теріс пиғылды ағымдардың алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық шаралардың бір бөлігі. Алдағы уақытта да Кентау қаласының өзге де аумақтарында, сондай-ақ жастар арасында түсіндіру жұмыстары жалғасатын болады.



