Түркістан облысында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жалғасуда. Биыл бұл мақсатқа облыстық және республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 66 нысанның құрылысы қолға алынды.
Мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті апталық мәжілісте қаралды. Жиынға жауапты басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сала мамандары қатысты.
Облыс әкімі ауыз су – кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселе екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында барлық мүмкіндікті пайдалануды тапсырды.
– Биыл пайдалануға берілетін нысандарды мерзімінде әрі сапалы аяқтау қажет. Ауыз суды кестемен алып отырған елді мекендердің мәселесін кешенді пысықтап, шешу жолдарын қарастырыңыздар. Жыл соңына дейін жоспарланған 38 елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылуы тиіс. Құрылыс барысына күнделікті мониторинг жүргізіп, апта сайын мәлімет енгізуді тапсырамын. Егер бөлінген қаржы уақытында игерілмесе, аудан әкімдерінің тәртіптік жауапкершілігі қаралады, – деді Нұралхан Көшеров.
Биыл облыста 38 су құбыры пайдалануға берілсе, 28 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі болады. Сонымен бірге, 30 елді мекенге жаңа су құбырлары тартылады, ал тозығы жеткен су жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылады.
Қазіргі таңда 17 су беруші мекеме өңірде ауыз сумен жабдықтау қызметін көрсетуде. Арнайы индикаторлар арқылы барлау жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекемелермен келісімшарттар жасалған. Ордабасы, Қазығұрт, Бәйдібек, Сарыағаш және Келес аудандарында су нысандарының құрылысы аяқталуға жақын, ал кейбірінде ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін жоспарға енгізілген 215 елді мекеннің 86-сының ауыз су мәселесі толық шешілген.
Бүгінде облыс бойынша 129 елді мекен кестеге сай ауыз су алады. Оның 68-інде оқшау су жүйелері аудан, қала әкімдіктерінің теңгерімінде болса, 61 елді мекендегі топтық су жүйелері «Қазсушар» РМК қарамағында. Жыл соңына дейін 24 елді мекен тәулік бойы ауыз сумен қамтылса, қалған 20 елді мекеннің мәселесі 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен шешілмек.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстардың нәтижесінде алдағы екі жылда Түркістан облысында орталықтандырылған ауыз сумен қамтудың үлесі айтарлықтай артып, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсарады деп күтілуде.



