Түркістан облысында «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда тұр. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте арнайы қаралды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайлы баяндады.
Өткен аптаның өзінде облыс аумағындағы елді мекендерде 173 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Оған 58 мыңнан астам тұрғын қатысып, 173 тонна қоқыс шығарылды. Жоспарланған жұмыстардың орындалуы күнделікті қадағалануда.
Тазалық шараларына тек жергілікті тұрғындар ғана емес, өңірдің танымал спортшылары да белсенді атсалысуда. Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов, Шардара қаласының армрестлинг шеберлері, сондай-ақ Сағындық Тоғамбай, Ұлжан Сәрсенбек, Дидар Хамза сынды белгілі спортшылар экологиялық бастамаларды қолдап, сенбіліктерге қатысып келеді.
Экологиялық мәдениетті жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Jas Turkistan» волонтерлік ассоциациясы құрылды. Оның құрамына өңірдегі ерікті ұйымдар мен бастамашыл топтар біріктірілді. Қазіргі таңда еріктілер 6 негізгі бағыт бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.
Жыл басынан бері облыс аумағында 253 сенбілік өткізілді, 17 семинар-тренинг ұйымдастырылды, 29 экоплогинг шарасы өтті, 1000-нан астам экологиялық үнпарақтар таратылып, 23 спорттық жарыс, 9 экологиялық челлендж, 7 эко-марафон өткізілді.
Бұл жұмыстар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және қоқыс мәселесін азайтуға бағытталған.
«TazaQazBot» ақпараттық жүйесі арқылы тұрғындар экологиялық ахуалға қатысты өтінім жолдай алады. Биылғы жылы бұл жүйеге 2928 өтінім түсіп, оның 2920-сы орындалды, ал 8 өтінім орындалу үстінде.
Тазалық пен санитарлық талаптарды сақтау бағытында да қатаң бақылау жүргізілуде. 2025 жылы облыс аумағында қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған азаматтарға 20 169 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 455 млн теңге айыппұл салынды.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы шаралар тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа деген қамқорлықты күшейтуге бағытталған кешенді жұмыс.
Жергілікті билік пен қоғам өкілдері бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана өңірдегі экологиялық ахуалды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік бар. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров атап өткендей, әрбір тұрғын өз үйінің ауласынан бастап тазалыққа мән берсе, Түркістан – тек мәдениеті мен тарихымен ғана емес, тазалығымен де үлгі болатын өңірге айналады.



