Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға, санитарлық тазалықты күшейтуге ерекше назар аударып келеді. Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан – бұл уақытша акция емес. Бұл – барша халықтың күнделікті өмір салты болуы тиіс». Осы бағыттағы бастамаларды жүзеге асыру аясында Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа техникалардың кілтін табыс етті. Арнайы техникалар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру және тазалық жұмыстарын күшейтуге бағытталмақ.
Облыс әкімі сала мамандарына ризашылығын білдіріп, техникалардың кілтін табыс ете отырып:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды іске асырылып жатыр. Бұл – қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Аталған бағдарлама аясында облысымыздың аудан, қала тұрғындары белсенділік танытып, тазалық жұмыстарына жанашырлықпен атсалысуда. Баршаңызға осы ортақ іске қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Президентіміз айтқандай, «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. Тазалық жұмыстарын одан әрі жетілдіру мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, бүгін коммуналдық қызметке жаңа техникалардың кілтін тапсырудамыз. Бұл техникалар өңіріміздің таза, көрікті, жайлы болуына зор үлес қосады деп сенеміз. Сіздердің ел мүддесі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым табысты болсын! Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық бюджеттен 305 млн теңге қаржы бөлініп, тазалық мекемесіне 15 трактор тіркемесімен, 3 жүк тиегіш тапсырылды. Сонымен қатар қар тазалағыш құрылғылар мен жол сыпыруға арналған техникалар берілді. Алдағы уақытта қосымша 15 үш дөңгелекті техникалық көлік (трицикл) сатып алу жоспарланған.
Соңғы екі жылда Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында коммуналдық салаға жүздеген арнайы техника сатып алынды. Бұл – тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қолдау. Жаңа техникалар тек аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық округтердің де санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге пайдаланылатын болады. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.



