Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында өңірлердің теңгерімді дамуына, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті әртараптандыруға, туризмді өркендетуге айрықша мән беріп келеді. Президент: «Елдің тұрақты дамуы ең алдымен өңірлердің әлеуетіне байланысты. Әрбір аудан мен ауылдың дамуы – жалпыұлттық прогрестің кепілі», – деп атап өткен болатын. Осы мақсатта Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа бағыттары айқындалып, нақты шаралар жүзеге асырылып келеді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Түлкібас ауданына барып, аудан активімен кездесті. Жиында өңірдің даму қарқыны, өзекті мәселелер және алдағы міндеттер талқыланды. Әкім мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын нақты көрсеткіштер негізінде саралап, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Әсіресе инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды дамыту, экономика салаларын әртараптандыру және туризмді өркендету мәселелері күн тәртібінде болды.
Аудан әкімі Асқар Естібаев ауданның қазіргі ахуалы жөнінде есеп беріп, басқарма жетекшілері өз ұсыныстарын ортаға салды. Өз сөзінде облыс басшысы Түлкібастың географиялық орналасуы мен табиғи байлығы ауданға зор мүмкіндік беретінін атап өтті:
– Түлкібас ауданының әлеуеті жоғары. Өндіріс, ауыл шаруашылығы және туризм – негізгі басымдықтар қатарында. Мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. Ендігі кезекте ауыл әкімдері де жауапкершілікті сезініп, салғырттыққа жол бермеуі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Сонымен қатар облыс әкімі салық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердің қаржылық тәуелділігін азайту, жергілікті жобаларды жүзеге асыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Туризм саласы да кеңінен сөз болды. Ақсу шатқалында экотуризмді дамыту, туристік аймақтардың тазалығы мен қызмет сапасын көтеру – алдағы міндеттердің бірі.
Айта кетейік, биыл туризм саласына 150,5 млн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Аудан аумағындағы тарихи-мәдени орындарға келушілердің нақты есебін жүргізу де күн тәртібінде. Статистикалық мәліметке сәйкес, 2025 жылдың алғашқы алты айында ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 37,3 млрд теңгені құрап, 19,6%-ға артқан. Оның ішінде 47,4%-ы ауыл шаруашылығына, 25,3%-ы өнеркәсіпке, 17,5%-ы саудаға, 9,8%-ы құрылыс саласына тиесілі. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 356 мың теңгеге жетіп, 49,6% өсім көрсеткен.
Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 17,7 млрд теңге. Оның ішінде мал шаруашылығының үлесі 17,2 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнім көлемін 59,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін қадап айтты.



