Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өткізді. Өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен аймақтың алдағы жоспарлары бойынша нақты көрсеткіштерін саралап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Мәжілісте Арыс әкімі Қайсар Маңқараевтың есебі мен басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Қалада өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді.
– Арыстың әлеуеті жоғары. Орналасқан орны экономиканы, сауданы, өндірісті дамытуға өте қолайлы. Инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру керек. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Экономиканы әртараптандыру және жергілікті жобаларды іске асыру – стратегиялық міндет. Тәуелділіктен арылу жолдарын арттыру қажет. Ауыл шаруашылығы, көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ қызметтердің басқа түрлерінен салық тиісті деңгейде алынуы тиіс. Бұл бойынша кірістер басқармасымен бірлескен жұмыстарды күшейту қажет. Инфрақұрылымды әрі қарай дамыту керек. Арыс қаласының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау қажет. Ол үшін бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетейік, Арыс қаласының 2025 жылға арналған экономикалық көрсеткіштерін қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 48,9 млрд теңгені құрайтын 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде алты айдың қорытындысы бойынша жалпы құны 20,4 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Жыл соңына дейін жалпы құны 14,0 млрд теңге болатын тағы 12 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, жалпы құны 14,5 млрд теңгені құрайтын 9 жоба 2026 жылға өтпелі. Арыста 30 гектар жаңадан индустриялық аймақ ашу жоспарлануда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын көбейту бағытында жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.



