Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Дін мен дәстүр сабақтастығы» атты облыстық интеллектуалды сайыс ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас буынға өнеге болар тағылымды шараға айналды.
Сайысқа облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығы, Арыс, Түлкібас, Сауран аудандарының руханият орталықтары, орталық мешіт, «Балаби қари» Құран жаттау орталығы және өзге де мекемелерден құралған 11 команда қатысып, білім мен парасат бәйгесінде бақ сынады. Қатысушылар Кентау қаласының тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, дін мен дәстүр сабақтастығына байланысты ой-пікірлерін ортаға салып, қазақы салт-дәстүрлер мен логикалық тапсырмаларды орындады.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова қатысып, сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде: «Дін мен дәстүр – халқымыздың рухани тірегі, жас ұрпақтың өнегелі болып өсуіне ықпал ететін қастерлі құндылық. Бүгінгі шара соны дәріптеуге бағытталған игі қадам» екенін атап өтті.
Сайыс нәтижесінде облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының «Ұлы дала теологтары» командасы жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің «Рух» командасы лайық деп танылса, үшінші орынға Ащысай ауылының «Ащысай» тобы көтерілді. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.
Бұл шараның негізгі мақсаты – халқымыздың дәстүрлі діні мен салт-санасының сабақтастығын дәріптеу, жастардың тарихи танымын кеңейтіп, рухани тәрбиесін күшейту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай интеллектуалдық бәсекелер алдағы уақытта да жалғасын тауып, елдің бірлігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды жастардың санасына сіңіруге қызмет ете бермек.



