Қазіргі таңда қоғам үшін ең өзекті мәселелердің бірі – жастардың радикалды ағымдардың жетегіне еріп кетпеуін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жастардың рухани қауіпсіздігін күшейтуге ерекше назар аударып, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеудің маңызын үнемі атап өтеді. Осы бағыттағы жұмыстар өңірімізде жүйелі түрде жүзеге асуда.
Осы мақсатта Түркістан облыстық дін істері басқармасының бастамасымен түрлі мекемелерде түсіндіру шаралары ұйымдастырылып келеді. Соның бірі жақында «Жансая» облыстық балаларды оңалту орталығында өтті. Шараға «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Абдрахман, «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай және орталық қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында мамандар жастарға дін атын жамылып, жалған ұрандарды алға тартатын теріс ағымдар туралы жан-жақты түсіндірді. Олар радикалды идеологияның сыртқы белгілерін, қоғамға және жеке адамға тигізер зардаптарын мысалдар арқылы жеткізді. Сонымен бірге, теріс ағым өкілдерінің әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып отырғаны, ал жасөспірімдердің интернеттегі бейсаналық қызығушылығы осындай қауіпке жол ашатыны айтылды.
«Бүгінгі жастар – елдің ертеңгі тірегі. Сондықтан олардың санасын жалған уағыздардан қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір жас дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтарды терең түсінсе ғана радикалды идеялардың ықпалынан аман болады,» – деді теолог мамандардың бірі кездесуде.
Сонымен қатар, жастарға ата-баба жолынан бастау алған қазақ халқының діни дәстүрлері, дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен түсіндірілді. Әсіресе, ұлттық тәрбие, үлкенге құрмет, кішіге ізет, отбасылық құндылықтарды сақтау – кез келген радикалды идеологияға қарсы тұратын берік қалқан екені ерекше атап өтілді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Теологтар жастарға кез келген діни ақпаратты тек ресми дереккөздерден алу қажеттігін, күмәнді жағдайларда мамандарға жүгінген дұрыс екенін ескертті.
Шара соңында мекеме қызметкерлері ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай кездесулердің жиі өткізілуін қолдайтындарын жеткізді. Өйткені, өскелең ұрпақтың рухани иммунитетін күшейту – тек дін мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі.
Жалпы, «Жансая» оңалту орталығында өткен бұл басқосу жас буынға тағылымды ой салып, олардың діни сауатын арттыруға ықпал етті. Алдағы уақытта да мұндай түсіндіру жұмыстары өңірдің басқа да оқу орындарында, әлеуметтік мекемелерінде жалғасын табатын болады.



