Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау – бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі. Ел Президенті жариялаған стратегиялық міндеттерде жастар мен еңбек ұжымдарының рухани және діни сауаттылығын арттыру, оларды теріс ағымдардың ықпалынан қорғау ерекше атап көрсетілген. Бұл бағыттағы жұмыс – баршаға ортақ жауапкершілік, себебі қоғамның тыныштығы мен бейбіт өмірі әрбір азаматтың тәрбиесі мен санасынан басталады.
Осы мақсатта Кентау қаласында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның аясында «Ветеринария қызметі» мекемесінде діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу бағытында арнайы кездесу ұйымдастырылды. Мұндай кездесулердің мәні – қоғамдағы қауіп-қатерлерді алдын ала анықтау, жастар мен қызметкерлерге дұрыс бағыт көрсету және олардың санасына теріс ағымдардың қауіптілігін жеткізу.
Іс-шараға Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б. Абдрахман және мекеме қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында теолог маман дін атын жамылып жүрген жалған ағымдардың радикалды идеологиялық белгілеріне егжей-тегжейлі тоқталып, олардың қоғамға тигізер қауіпті салдарын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, экстремистік ұйымдардың жастарды санасына қалай әсер ететіні, оларды қандай жолдармен өз қатарына тартуға тырысатыны нақты мысалдар арқылы баяндалды.
Кездесу барысында қатысушыларға жат идеологияға қарсы тұрудың жолдары, дәстүрлі діннің құндылықтары мен ұлттық тәрбиенің маңызы туралы кең көлемде мәлімет берілді. Әсіресе, қазіргі заманда интернет пен әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді ақпараттарға сын көзбен қараудың маңызы ерекше атап өтілді. Қатысушыларға ақпараттық сауаттылықтың, онлайн кеңістікте сақтық танытудың, сонымен қатар жеке жауапкершілік сезімін дамыту жолдары түсіндірілді.
Жиын соңында қатысушыларға арнайы дайындалған ақпараттық үнпарақшалар таратылып, қойылған сұрақтарға жауап берілді. Мекеме ұжымы мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, олардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілек білдірді. Бұл іс-шара қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеуге және мекеме қызметкерлерінің рухани құндылықтарды дұрыс қабылдауына үлес қосатын маңызды қадам ретінде бағаланды.
Мұндай түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде қызметкерлер діни сауаттылықтарын арттырып, экстремистік ықпалға төтеп беруге дайын болады. Алдағы уақытта Кентау қаласында және облыстың басқа аймақтарында да осындай кездесулер жүйелі түрде өткізілетін болады. Бұл – ұлттық бірлікті сақтауға, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.



